Босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне ауыстыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 қарашадағы № 1046 Қаулысы
Осы Қаулыға өзгерістер енгізу туралы ҚР Үкіметінің 2026 жылғы 8 қазандағы № 886 Қаулысын қараңыз (2026 ж. 23 қазаннан, 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
Қазақстан Республикасының Жер кодексі 13-бабының 3-4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне ауыстыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, бірақ ерте дегенде 2024 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгізіледі
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 28 қарашадағы
№ 1046 қаулысымен
бекітілген
Босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне ауыстыру
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне ауыстыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Жер кодексі (бұдан әрі - Кодекс) 13-бабының 3-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне ауыстыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;